Абайдың туындылары халықаралық марапатқа ие болды

Абайдың туындылары халықаралық марапатқа ие болды

Абайдың араб тіліне аударылған кітаптары Каирде 11-ші халықаралық дәстүрлі өнер және поэзия фестивалінде «Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы марапатына ие болды. Туындыларды еліміздегі Нұр Мүбәрәк университетінің ғалымдары аударған. Аталған шара Мысыр Премьер-Министрінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Жапония, Колумбия, Қытай, Үндістан, Палестина, Оңтүстік Судан, Мавритания өкілдері және Мысырдың әртүрлі аймақтарынан келген 30-дан астам шығармашылық топтар қатысты. Айта кетейік, Абайдың араб тіліне тәржімаланған кітаптары туған жеріне табысталды.

Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры:

- Фестиваль аясында «Адамзат өркениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген үлкен сыйлықты Елшілікке сол жақтағы фестивальді ұйымдастырушылар арнайы табыстаған екен. Сол аманатты ҚМДБ Абай облысындағы өкілі бүгінгі Абай музейіне аманаттап, ақжолтай хабарымен келіп, соны бізге табыстап жатыр. Абай ол адамзаттың Абайы екендігінің, оның шығармашылығы күллі хаалыққа, әлем жұртшылығына үлгі болатындығының және бір дәлеліне куә болып отырған жайымыз бар.