Тарихта қалған қазақ әйелдері туралы кітап түрік тіліне аударылды

Тарихта қалған қазақ әйелдері туралы кітап түрік тіліне аударылды

Есімдері аңызға айналған ұлы дала аналары жайындағы қазақ шығармалары түрік тілді оқырмандарға жол тартты. Елордада әйел прозасының хас шебері, жазушы Шәрбану Бейсенованың түрікшеге аударылған «Сүзгенің соңғы күні және Бозоқ аруы» атты кітабы таныстырылды. Тың туынды түркі қыздарына тән бойына ізгілік, даналық пен батылдықты жиған екі тарихи тұлға туралы нақты деректер көркем әдеби тілмен баяндалған. Кітаптағы алғашқы хиқаят Көшім ханның жары Сүзге ханымға арналады. Ал, екінші бөлігінде Астананың түп-тамыры саналатын көне Бозоқ қаласынан табылған текті әулеттен шыққан ару жайында архиоллогиялық деректермен қамтылған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  тарихта қалған тұлғалардың бейнесі арқылы жалпы әйелдер қауымының жан-сырын ашуды мақсат еткенін айтады.

Шәрбану Бейсенова, жазушы:

- Екеуі де әйелдің күрескерлігі, бойындағы ең бір таза сезімдерін паш етеді. Әйел адамдардың жалпы ішкі жан дүниесі, әйел адамның мұңы мен жалғыздығы. Менің айтарым бұл тақырыптар ұлтқа бөлінбейді, барлық әйелдерге тән. Мен соны жазғым келді. Түріктердің қабылдауы содан болды. Олар менің жазғанымды өте жақсы қабылдады. Олар маған өздері шығып, қазақша нұсқасын сұрады. Мен электронды нұсқасын жібердім, содан өздері аударды.

Роза Мұқанова, жазушы:

- Бейнелі көркем әдебиетте үлкен аналардың, билеуші әйелдер мен арулардың, ханымдардың бейнелері жасалады. Бұл үлкен уақытты, зерттеуді талап етеді. Сондықтан, осы мәселемен қараған кезде жазушы апамыз зор еңбектенген. Менің білетінім бұл кісі архивтерді зерттеп, жаңа құжаттарды тауып, сол арқылы бейнелер жасау үшін өзінің суреткерлік мақсатына жетті.

Жеңіс Ермұқанов