Елдің қоғамдық-саяси күштері «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның
Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалицияға бірікті. Саяси
партиялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар және сарапшылар жаңа Негізгі заң
жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. Коалиция
мүшелері референдум қарсаңында өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Алматы қаласында өткен жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездесуде
Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
ұсынған Әділеттілік, Заң үстемдігі және Тәртіп қағидаттарына негізделген
бастамалар ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтты. Шығармашылық зиялы
қауым өкілдерімен басқосуда вице-премьер ауқымды саяси реформаларға және жаңа
Конституция жобасының мән маңызына кеңінен тоқталды. Ал ғылыми орта өкілдерімен
кездесуде Негізгі заң жобасының зияткер ұлт қалыптастырудағы рөлі сөз болды. Бұл
ретте жаңа Ата заңда азаматтардың мүдделерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі
құқықтарын қорғауға басымдық берілмек. Түркістан облысында да өңірлік коалиция
халықпен тікелей диалог орнатуға басымдық берді. Аймақта ұсынылып отырған
өзгерістердің мән-маңызын түсіндіру және азаматтардың сұрақтарына жауап беру
мақсатында екі мыңға жуық кездесу жоспарланған. Сонымен қатар, партия
филиалдары жанынан бұл жұмысты үйлестіру үшін қосымша 18 коалиция құрылды.
Қалыйма Жантөреева, Аманат партиясы
облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:
- Халыққа түсіндіру жұмыстарымен айналыса
отырып, елдің ішіндегі ұсынымдарды да қабылдайтын болады. Ерекшелігі осында, өйткені барлық санаттарынан құралған топ өзінің
дауысын коалицияға жеткізгісі келеді. Коалицияның өзгешелігі де халыққа
жақындығы да осында жатыр.
Шымкентте қалалық коалиция кездесулер мен
талқылауларды офлайн және онлайн форматта өткізуді жоспарлап отыр. Бұл мегаполис тұрғындарының мүмкіндігінше көбірек қамтылуына және өз
пікірін білдіруіне жағдай жасау мақсатында қолға алынған. Қарағанды облысының
коалиция мүшелері де жаңа Конституция жобасын талқылады. Олар құжатта жеке
тұлғаның рөлін күшейтуге, сондай-ақ білім, ғылым және инновацияны болашақ
дамудың негізгі қозғаушы күші ретінде дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.
Қатысушылар өңір тұрғындарын кеңінен ақпараттандыру мақсатында 800 астам
іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, мұндай коалициялар Қызылорда,
Павлодар, Қостанай және еліміздің өзге де өңірлерінде құрылған.

