Қазақстан мен МАГАТЭ ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен МАГАТЭ ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан Президенті МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ұзақ жылдар бойғы серіктестікті жоғары бағалайтынын, сондай-ақ Ұйым ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және атом қуатын бейбіт мақсатта қолдануға үлес қосқанын атап өтті. Ол МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тереңдету туралы 2036 жылға дейінгі жол картасына және ядролық медицина мен ғылымды дамыту саласы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылғанын құптады. Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қауіпсіздік пен мемлекетаралық сенімді нығайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге қосылуға алдағы уақытта да бейіл екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Президент БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер Рафаэль Гроссиге сәттілік тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің 2023 жылы сәуір айында Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз өзара байланыстарды дамытуға тың серпін берді. Ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты ұстанымымыз ұқсас деп ойлаймын. Дегенмен әлемде аса күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл жаһандық проблеманы шешу жолдарын іздеуде күш біріктіруді талап етеді.

Өз кезегінде Рафаэль Гросси Қазақстанның әлемдегі ядролық қауіпсіздікті және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту бағытындағы іс-қимылына жоғары баға берді. Сондай-ақ ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі абырой-беделіне, ядролық қауіпсіздікті, диалог пен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде дәйекті рөл атқарып келе жатқанына тоқталды. Кездесу соңында Президент Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Рафаэль Гроссиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?