Қазақстан келешегі зор жаңа көмірсутек кен орындарын игеруге ниетті. Еліміз
2035 жылға дейінгі тиісті жоспарды жүзеге асыруда. Осыған орай жыл соңына дейін
Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау
жоспарлануда. Сондай-ақ биыл Қарашығанақта шикі газды кері айдаудың 6-шы
компрессоры іске қосылмақ. Энергетика
министрлігінің хабарлауынша, бұл жоба мұнай өндірісін 10-11 млн тонна
деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етпек. Мемлекет басшысы берген тапсырмаға
сәйкес, өндіріс қуаты 10 млн тоннаны құрайтын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу
көзделіп отыр. Бұдан бөлек, қазір Павлодар, Шымкент, Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы
өндірісті кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2026 жылы 15 жарым млн тонна мұнай
және мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көзделіп отыр.

