Қазақстанда жанар-жағармай бөлуге арналған электрондық ақпараттық жүйе құрылады

Қазақстанда жанар-жағармай  бөлуге арналған электрондық ақпараттық жүйе құрылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Энергетика министрлігінің бірлескен жобасы жыл аяғына дейін іске қосылады. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді. Электрондық жүйе ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге отын жеткізушілермен тікелей мәміле жасасуға мүмкіндік береді.

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министрі:

– Біздің пікірімізге сай, электрондық-ақпараттық жүйені енгізе отырып, диқандарға дизель отынының көлемін атаулы бөлу ашық бөлуге, бөлу тізбегіндегі артық буындарды жоюға, сондай-ақ ықтимал сыбайлас жемқорлық құрамдастарын болдырмауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, бірыңғай деректер базасы құрылады. Мамандардың болжамынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ЖЖМ бағасы бөлшек сауда бағасынан 15-30 процентке төмен болады. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін биыл 400 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ақпан-сәуір айларында  231 мың тонна немесе 92 проценті жеткізілді.