Қазақстанда «Рожковское» ірі кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде табиғи газ және конденсат өндіру жобасын іске қосу рәсіміне қатысты. Кенішті игеру арқасында Қазақстанның Ұлттық қоры жарты трлн теңгеге, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады деп күтілуде. Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3 млрд теңге бөлуді, сондай-ақ жыл сайын келісім-шарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадрларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ін арнауды жоспарлап отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Бұл жобаның стратегиялық маңызы
үлкен. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа газ кен
орындарын барлау және игеру жұмыстарына инвестиция тарту туралы тапсырамасының
шеңберінде іске асырылып жатыр. 530 млн доллардан астам инвестиция тартып
отырған Рожковское кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Онда 2040 жылға
дейін 14 млрд текше метрден астам шикі газ және 7 млн тонна конденсат өндірі
жоспарланып отыр. Бұл көлем Жайық мұнай кәсіпорынында өңделіп, нәтижесінде 13
млрд текше метр тауарлы газ бен 2,3 млн тонна сұйытылған газ өндірілетін
болады.
Евгений Лапшин, Қазақстан мен Ресей
бойынша Mol Group бас директоры:
-Осы жобаны жүзеге асыру немесе
алдымызда пайда болатын басқа мүмкіндіктерді пайдаланып, басқа жобаларды бастау
– инвестициялар көлемін арттырып, экономикалық тиімді жобаларды жасауға жол
ашатынына сенімдімін. Әлбетте, Қазақстан экономикасына өз септігімізді
тигізгіміз келеді. Атқарылар жұмыс өте көп. Келесі жылы 4 ұңғыманы іске қосуды
жоспарлап отырмыз. Артынша, кен орындарының әлеуетін зерттеу керек. Одан кейін,
Рожковский кен орнының одан әрі дамуын
қамтамасыз ету үшін бізге қосымша инвестициялар тарту, газ бен конденсат
өндірісінің әлеуетін барынша ұлғайту керек.
Жоспарда Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында тағы бірнеше газ жобаларын іске қосу бар. Олардың барлығы жылына 2 млрд текше метрден астам қосымша газ көлемін өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа халықаралық компаниялармен бірлесіп, 12 перспективалық геологиялық барлау жобасы, сондай-ақ қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау жобалары пысықталуда. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдейтін зауыттарын салуға ниетті. Жалпы, Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды.