Саясаттанушылар ШЫҰ саммитінің маңыздылығы туралы пікір білдірді

ШЫҰ-ның саммиті әлемдегі ірі геосаяси шиеленіс пен өзгерістер кезеңінде өтіп жатыр. Сондықтан, оның өзектілігі артып келеді. Бұл – жиын туралы егжей-тегжей зерттеп, күн тәртібін мұқият бақылап отырған қазақстандық сарапшылар мен саясаттанушылардың пікірі. Олардың айтуынша, осыншама маңызды халықаралық шараның елімізде өтуі, Қазақстанның жаһандық беделін арттырып, халықаралық аренадағы ықпалын күшейте түседі. Қазіргі таңда еліміз бүкіл әлем үшін Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде танылып келеді. Бірқатар шетелдік жоғары лауазымды тұлғалардың Астана саммитіне арнайы келуі осы тұжырымды күшейте түсері анық. 

Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азияны зерттеу бөлімінің аға сарапшысы: 

- Жалпы ШЫҰ саммитінің өтуі Орталық Азия елдері үшін аса маңызды. Мұның ішінде өте өзекті энергетика саласындағы әріптестік пен «3 зұлым күшпен» күрестегі өзара іс қимылды бір ізге түсіру секілді аспектілер қарастырылады. Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Осы орайда, ШЫҰ саммитін өткізу, оған Қазақстанның төрағалық етуі – ұйымның үлкен трансформациясын көрсете отыра Ұйымның дамуындағы жаңа кезеңге аяқ басуға мүмкіндік бергені сөзсіз.  

Жанар Төлендинова, Парламентаризм институтының өкілі: 

- Бірінші кезекте, бұл – халықаралық аренадағы  беделіміз бен еліміздің имиджі. ШЫҰ беделі көз ілеспес қарқынмен артып келе жатқан ірі халықаралық алаң. Сол себепті, БҰҰ бас хатшысының осы шараға қызығушылық танытуы тегін емес. Қазақстан үшін, әрине, саммит – үлкен геосаяси жеңіс деуге болады.