Су-энергетикалық қауіпсіздік өңірлік күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелердің біріне айналып келеді. Орталық Азия аймағындағы гидро және энергетикалық ресурстардың тапшылығын болдырмау қамында елдерге бiрлесiп заманауи әрі тиiмдi шараларды әзiрлеуi қажет. Бұл туралы жақында Бакуде өткен СОР-29 Климаттық конференциясының қорытындыларын талқылауға бағытталған пікірталастар алаңында халықаралық сарапшылар алға тартты. Сонымен қатар сала мамандары тіршілік нәрінің жетіспеуі ауыл шаруашылығы секторына да кері әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Дәл осы құрғақшылық шалған жерлерде суармалы егіншілік пен мал шаруашылығының ертеңі күмәнді болары анық. Шаруалар ылғал үнемдеймін деп өнімнің сапасын құртып, шығынға батады. Орталық Азия университетінің ректоры Кристофер Герридің айтуынша, қазіргі жағдай шұғыл әрекеттерді талап етеді. Бұл жердегі нақты қадам елдер осы бағытта тығыз әрі көпжақты дипломатия орнатып, бірыңғай тәсілдер мен тетіктерді әзірлеу қажет дейді.
Кристофер Герри, Орталық Азия университетінің ректоры:
- Яғни, бұл елдердің бір-бірімен өзара іс-қимылын қайта
қарау қажет. Себебі кейбір келісімдер бүгінгі заманның талаптарына жауап
бермейді. Ағымдағы геосаяси жағдай елдер арасындағы келіссөздерге және сумен
жабдықтау және энергетика мәселелеріндегі сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік
береді. Әрине барлық елдердің бұдан аларымен бірге ұтылатын тұстары болады.
Сондықтан тиімді болар, ортақ мәмлеге келу керек. Қазір біз су дипломатиясын
орнату жобаларына қатысты өңірдің және әлемнің донорларымен жұмыс жасап
жатырмыз.
Жеңіс Ермұқанов.

