Қазақстан халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастыра береді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Венада өткен Австрия Сыртқы істер министрлігінің басшысымен кездесуде мәлімдеді. Министр шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Қазақстандағы жағдайдың тұрақталғанын айтып, екіжақты ынтымақтастыққа қатысты ортақ жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ қаңтар басындағы оқиғаға қатысты австриялық журналистердің барлық сұрағына егжей-тегжейлі жауап берді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:
- Австрия – Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі. Біз экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға, озық технологиялар мен ноу-хауды тартуға, Австрияға жасалатын экспортымызды әртараптандыруға мүдделіміз. Өкінішке қарай, осы жылдың басында шабуылға тап болдық. Азаматтарымыздың бейбіт шеруін ел ішіндегі және одан тыс жерлердегі деструктивті күштер пайдаланып кетті. Қарулы бандиттердің тәртіпсіздіктерді ұйымдастырудағы үйлестірілген әрекеттері, экстремистік топтардың дайындығы мен олардың қаржылануы мұны растайды. Олар Қазақстан халқына террор жасағысы келді. Болған оқиға – теракт. Қазақстанға уақытша жіберілген ҰҚШҰ бітімгершілік контингентіне тек Ресей сарбаздары емес Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері де кірді. Олар өз міндеттерін сәтті орындады және бүгінде бітімгерлердің соңғы легі Қазақстаннан кетті.
Өз кезегінде Австрия Сыртқы істер министрі Александр Шалленберг қазіргі таңда қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық аса маңызды екенін атап өтті.
Александр Шалленберг, Австрияның Сыртқы істер министрі:
- Қазақстанда болған оқиғалар алаңдатарлық. Фотосуреттер мен жаңалықтарды көріп жағамызды ұстадық. Қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Енді елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толығымен қалпына келтіретін кез келді. Бұл тек Қазақстан халқының мүддесі үшін емес, сонымен қатар серіктестеріңіз, соның ішінде ЕО мен инвесторлардың мүддесі үшін қажет. Қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық, адам құқықтарын құрметтеу, сөз бостандығы мен заң үстемдігі Қазақстан халқы үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық пен инвесторлар үшін де маңызды.
Александр Шалленберг Президент Қ. Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық реформаларын қолдайтынын айтты. Сондай-ақ инфрақұрылым мен «жасыл» технологияларды дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге де тоқталды.
Қазақстан мен Австрияны 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынас пен белсенді өзара іс-қимыл байланыстыратынын атап өткен жөн. Альпі Республикасы билігінің айтуынша, біздің ел – Австрияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі.