Қазақстанда жаңа әуежай терминалы ашылды

Қазақстанда жаңа әуежай терминалы ашылды

Қызылордада «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаны іске қосу қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық рейстерді ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын еселеуге мүмкіндік береді. Ел премьер-министрі оның ашылуында  ішкі туризм, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер ететінін айттыОлжас Бектенов жаңа терминал әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге ұлғайтқанын тілге тиек етті. Яғни, қабылдау қауқарын жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін артырды. Жаңартылған нысан Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының жоғары стандарттарына сай салынды. Әуежайдың жаңа ғимараты телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған.  

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: 

- Екі жылға жуық уақыт ішінде заманауи үлгідегі жайлы, көрікті терминал бой көтерді. Қазіргі уақытта Президентіміздің бастамасымен отандық бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік үлгісі бойынша аймақтарда ірі нысандардың құрылысына атсалысуда. Бұл жобада осындай мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында іске асырылып отыр. Жаңа терминал Қызылорда облысының дамуына тың серпін береді деп сенемін. 

Баян Ажмолдаев, «Қорқыт ата» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы: 

- «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының жалпы көлемі 7500 шаршы метр. Қолданыстағы терминалмен салыстырғанда үш есе үлкен. Осы жылы 3 ай қатарынан Қызылорда-Анталия тікелей рейстері болды. Құдай қаласа Келесі жылы ол рейстерді жалғастыратын боламыз. Бұл терминал сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Бұл терминалда жолаушыларға барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда бізде аптасына 26 рейс орындалып жатыр.  

Жеңіс Ермұқанов.