Қазақстан Беларуське 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын

Қазақстан Беларуське шамамен 265 млн долларға 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов әріптесі Роман Головченкомен кездесуінде мәлімдеді. Ел Үкімет басшысы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу мақсатында Минскіге барды. Қос тарап сауда-экономикалық, өнеркәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауарайналым АҚШ валютасында 912 млн долларды құрады. Сондай-ақ, Олжас Бектенов «Белагро-2024» халықаралық көрмесіне қатысып, «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Шараға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан үкіметтерінің басшылары, Армения вице-премьері, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

  

-Бүгінде Қазақстан әлемдік азық-түлік экспорттаушыларының ТОП-25 қатарына кіреді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне жеткізіледі. Оның экспорты соңғы 5 жылда екі есеге өсіп, 5,4 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді еселей түсеміз.  Қазақстан 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр.