Қазақстанда Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады. Ұйым жерасты суларының дұрыс пайдаланылуын қадағалап қана қоймай, іздеу және барлау жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік мониторингті де жүзеге асырады. Одан бөлек, бұл қызмет мәліметтер базаларын құрумен де айналыспақ. Өз кезегінде ол гидрогеология саласындағы, цифрлық, картографиялық және жер бедерінің зондталуы арқылы алынған ақпаратты сақтап, өңдейді. Осыған байланысты үкімет қаулысының жобасы «Ашық» Нормативтік Құқықтық Акт сайтында жарияланды.
Гидрогеологиялық қызмет толыққанды мемлекет тарапынан қаржымен қамтамасыз етіліп, коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде құрылады. Жаңа органды Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қаржы ведомствосы бірлесе құрады.
Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында еліміздің бүкіл су шаруашылығын басқаруда ауқымды реформа қажет екендігін айтып, Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құруды тапсырды.
Бексұлтан Бегалиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқарма басшысы:
– Қазіргі кезде Қазақстан экономикасында жерасты суларының қолданылу үлесі 7-10% төңірегінде. Біз бұл ресурстарды ауыз сумен, сондай-ақ, егістіктерді суару және мал шаруашылығы үшін белсендірек қолдануға ниеттіміз. Құрылайын деп жатқан Ұлттық геологиялық қызмет барлауды толықтай өз мойнына алып, еліміздің жерасты су ресурстарын қорғаумен айналысады.