Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы
отырысына қатысты. Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті өткен аптада оны
құру туралы Өкімге қол қойған болатын. Жұмыс тобының құрамына Парламент, Үкімет
және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері
кірді. Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру - елдің тағдырын шешетін және
Қазақстанның болашағына тікелей ықпал ететін қадам екенін атап өтті. Мұндай аса
маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Бұл ретте «E-Otinish»
және «E-Gov» порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап,
зерделеу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің
негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады.
Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10
конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек
болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине,
бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес.
Тыңғылықты дайындық керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық
сай келетінін тілге тиек етті. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай жүйе
қалыптасқан. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент –
ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беруге
мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздегі түрлі салаларда қолға алынған
жаңғырту шараларымен үндестіріледі. Маңызды іске жасанды интеллек те
кірістіріледі. Мемлекет басшысы e-Parlament жүйесінің де күні алыс емес екенін
атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау, бұл
– Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды.
Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі
жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін
заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.
Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды. Олардың
қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламентті партиялық тізіммен
жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Президенттің пікірінше,
бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде
өрбітуге ынталандырады.

