Қазақстан жаһандық туризм
картасының жаңа тармағына айналады. Шетелдік саяхатшылар үшін еліміз
жаңа бағыт ретінде танылып келеді. Бұл отандық нарықты халықаралық туроператорлар
үшін тартымды ете түседі. Алматыда HiSEAS International Орталық Азия өңіріндегі
алғашқы кеңсесін ашуға ниетті. Компанияның бүкіл әлем бойынша 45-тен астам
өкілдігі бар.
Қайрат Сәдуақасов, Hiseas International компаниясының Орталық
Азиядағы стратегиялық кеңесшісі:
- Біз түрлі көрмелер мен
роудшоудың қорытындысы бойынша туристер ағыны артып келе жатқанын көріп отырмыз.
Шетелдіктер тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияның өзгеде туристік
бағыттарына қызығушылық танытады. Менің ойымша, дәл қазір Қазақстанға немесе
жалпы өңірлік турларға барынша көп туристерді тарту үшін осы мүмкіндікті
пайдалануымыз керек. Яғни, Азия нарықтарын, одан кейін еуропалық және Таяу
Шығыс бағыттарын толық қамтуымыз қажет.
Алматыда бой түзейтін ірі халықаралық туроператордың кеңсесі жиһанкездер
үшін өңірге «қақпа» болмақ. Келесі жылдың наурыз айында Алматы-Токио тікелей
рейсінің іске қосылуы, сондай-ақ ұлттық әуеатасымалдаушы мен басқа да
компаниялардың қолданыстағы бағыттары елімізге қосымша тартымдылық береді. Сонымен
қатар, Қазақстанда шетелдік саяхатшылардың
талғамына сай туризмнің түрлі бағыттары дамып келеді. Экологиялық туризмге
басымдық берілуде. Бірегей флорасы мен фаунасы бар 14 ұлттық парк жұмыс
істейді. Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, еліміздің әлемнің сұранысына ие жаңа бағыттарды
ұсынуға әлеуеті жетеді. Сарапшылардың пікірінше, халықаралық туроператордың Қазақстанға
келуі саланы дамытудың жаңа кезеңі ғана емес, сонымен қатар шетелдік
инвесторлардың өңірге деген сенімін ұялатады.

