Қазақстан цифрландыру бойынша Орталық Азияның мемлекеттік қызметшілерін оқытты

Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілері Қазақстанда цифрландыру  бойынша біліктіліктерін арттырды.  5 күндік оқу курстарының тыңдаушылары мемлекеттік цифрлық трансформациялаудың мүмкіндіктері және еліміздің электронды үкіметінің қызметімен танысты.  

Аркен Арыстанов, ҚР СІМ «KAZAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігінің төрағасы:

– Қазақстан өңірде цифрлық қызметтерді ендіру бойынша көш бастап тұр. Сондықтан біз Орталық Азиядағы әріптестерімізбен өз біліктілігімізді бөліскіміз келді. Себебі біздің мақсат – мықты Орталық Азия аймағын құру үшін осы салада өзге елдердің дамуына септесу. Қазақстандық мамандар өзімізде электронды үкіметті ендіру барысында соңғы 15 жылда кезіккен мәселелерге тоқталып, олардың  шешімін табуға болатынын іс-жүзінде танытты. Мақсатымыз бұл жүйені енгізу кезінде сол қателіктерге бой алдырмас үшін тәжірибе алмасу.  

Қатысушылар заманауи сандық жүйелердегі озық дағдыларды меңгеру үшін отандық мамандар арнайы «Достық-Цифрландыру» бағдарламасын әзірледі. Оның мүмкіндіктерін өңірдің 20 мемлекеттік қызметшісі сынады.  

Шукурулло Сагдуллаев,  Өзбекстанның білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының аға маманы:

– Біздің елде түрлі деректердің қайталанбауын болдырмайтын орталықтандырылған база жоқ. Бұл тәжірибені өзімізде қолдануға ұсынамын. Мұндай арнайы  базамен Қазақстанда таныстым. Оны жүзеге асыру кезінде туындайтын түрлі мәселелер мен тәуекелдер жайында толық мағлұмат алдым.  

Курс аясында осы бағыттағы Сингапурдың тәжірибемен де танысу мүмкіндігі жасалды. Айта кетейік бұл мемлекет цифрландыру бойынша әлемдегі жетекші  елдердің бірі. Сингапурлық сарапшылар Қазақстанның саладағы жетістіктерін жоғары бағалап отыр.     

У Кун Тиан,  Сингапурдың мемлекеттік қызмет колледжінің профессоры:

– Осы аптаның ішінде ақпарат алмасу барысында Қазақстанның электронды үкіметі БҰҰ-ның рейтингінде айтарлықтай жақсарғанын байқадым. Бұл бағытта жасалып жатқан кейбір істер өте прогрессивті. Мәселен, үкіметтің жеке сектордың қосымшаларымен деректерді қалай бөлісетіні көрсетілді.  Бұл көптеген басқа елдерде әлі күнге дейін жасалмаған. Мен Қазір Қазақстанда электронды үкіметтің әу бастан-ақ мобильді құрылғыларға бағдарланғанын көріп отырмын. Қай елдің азаматы болсын осыны қалайды.