Мемлекет басшысы
Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады. Кездесуде Қазақстанда
толық өндірістік цикл жолға қойылған мақта-мата кластерін жүзеге асыру
талқыланды. Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық
тікелей инвестиция тартылады.
Бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу
зауыты қолданысқа берілген. Таяу жылдары мата материалдарын, тоқыма және киім
өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру арқылы
мақта егістігін 52 мың гектарға дейін ұлғайтуға болады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы
Чжан Цихайды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сюй Цзе, «Xinjiang Lihua» Қытай компаниясы жобасының бас жетекшісі:
- Біз түрлі елдердің нарықтарын егжей-тегжейлі зерттедік, алайда, дәл
Қазақстанда осы жобаны іске асыру үшін барлық қажетті жағдай, бай табиғат,
климаттық жағдай бар екенін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта Түркістан облысында
біз Синдзяндағы сияқты толық өнеркәсіптік тізбектің жобасын іске асыруды
жоспарлап отырмыз.

