Қазақстан – қызғалдақтар отаны

Еуропалық дипломаттар Қорғалжын қорығының тұмса табиғаты және оны мекендейтін жануарлармен танысты. Экологиялық акция аясында олар қайың отырғызып, өз көздерімен қызғылт қоқиқаздарды көрді. Ең бастысы – Шренк жабайы қызғалдақтарын да көре алды. Бұл мемлекет қорғауындағы гүл түрі қазіргі қызғалдақтардың арғы атасы саналады. Бұл өсімдік Қостанай облысындағы Наурызым резерватында да өседі. Жалпы, Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі бар. Оның 18-і еліміздің Қызыл кітабына кіргізілген. Айта кетейік, оңтүстік өңірлерде Кауфман, Регель және Грейг қызғалдақтары кеңінен таралған. Соңғысы «Қызғалдақтар патшасы» деп те аталып кеткен. Бүгінде қызғалдақ гүлінің Қазақстан аумағында 10 млн жыл бұрын пайда болғаны туралы дерек белгілі. Ал, осы мәдениет түрінің әлемде 3 мыңнан астам түрі бар. Көпшілік бөлігі Қазақстан аумағындағы қызғалдақ сұрыптарынан тараған. Айта кетейік, экологиялық акцияда шетелдік дипломаттармен бірге түсірілген бейнероликті өз парақшасында еліміздің Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко бөлісті. Астына вице-министр: «Қазақстан – қызғалдақтар отаны», - деп жазған.