Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу. Бүгін Президент Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында заманауи табысты және стратегиялық дамудың үш негізгі ұғымы туралы айтты. «Бірлік пен ынтымақ - басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді»,- деді мемлекет басшысы. Бұған еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеруде мемлекеттің барлық құрылымдарының және қоғамның алғашқы күннен бастап-ақ белсенді әрі үйлесімді жұмысы дәлел. Президент қызыл судан зардап шеккен қазақстандықтарды қалыпты өмірге қайтару қазір алдымызды тұрған басты міндет екенін растады. Оны жүзеге асыруға барлық күштер мен құрылымдар жұмылдырылды, сонымен қатар қарапайым қазақстандықтар да қол ұшын созды. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарда Ассамблея өкілдері де үлкен жұмыстар атқарғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде. Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді.Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны одан әрі дамыту мәселесіне де тоқталды. Президент Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды. Ол отаншылдық, бірлік пен толеранттылық, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты қағидаларға негізделген. Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды. Сондай-ақ этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Оның үстіне Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек деп қосты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал. Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет.
Келесі жылы ҚХА өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Ынтымақ пен бірлік институты «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағиданы паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобаларды басты назарға алады.