Қазақстанда 3-ші қыркүйек күні қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбет күні ресми бекітілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі осындай бастама көтеріп, арнайы қаулы шығарды. Бұл мерекені енгізу – қазақ халқының мәдени мұрасын, тарихын және дәстүрін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ, оны атап өту этнография мен ұлттық мәдениетке қызығатын шетел туристерінің назарын аударуға ықпал етпек. Салалық ведомство мамандары мерекені белгілеу қазақы тұқымды иттерді баптаушылар мен кинологиялық ұйымдар арасында тәжірибе алмасу үшін мол мүмкіндік беретінін алға тартады. Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тазы мен төбетті халықаралық деңгейде тану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған тұқымдар еліміздің ұлттық бренді деп танылған. Франция Президенті Эммануэль Макронға тазының екі күшігі сыйға тартылды.
Серікқали Бауыржан, Қазақстан кинологтары
одағының президенті:
- 3-ші қыркүйек күні кездейсоқ таңдалған
жоқ. 2024 жылдың дәл осы күнінде Қазақстанның «Кинологтар одағы» Халықаралық
Кинология Федерациясының Бас комитетінде қазақы тазы тұқымын ресми қорғап, еліміздің
стандартты ұстаушы ретіндегі құқығын қорғады. Яғни, бірегей тұқымды ұстаушы
ретінде Қазақстанның бекітілген тарихи оқиға болды. Бұл күн Қазақстанның ұлттық
игілігіне айналған ит тұқымын әлемдік деңгейде танытты. Біздің тарихымыз бен
мәдениетіміздің сақталуының нышанына айналды.
Тазы мен төбет – қазақ халқы үшін аса киелі жануарлар, «жеті қазынаның» бірі. Олардың шығу тегінің тамыры терең тартады. Бейнелері көне тастарға қашалған петроглифтерде кезігеді. Ең ежелгі түрлері біздің дәуірге дейінгі 7-10 мыңжылдыққа тиесілі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

