Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир
Зеленский телефон арқылы сөйлесті. Украина тарапының бастамасымен болған
әңгімелесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Украинада халықаралық құқық
қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі екенін жеткізді. Атап
айтқанда, Президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік
формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ жарғысын, мемлекеттердің егемендігі
мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі түрде
пікір білдіргенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей өте
күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете
отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды.

