Қазақстанда орман мен саябақ алқаптары кеңейтіледі

Қазақстан орман алқаптары мен саябақ аумақтарын кеңейтуге ниетті. Осының қамында елімізде 2027 жылдың соңына дейін 1 млрд-тан астам көшет отырғызу жоспарланған. Жалпы ел аумағында тоғайларды молайту үшін белсенді түрде инвестициялар тартылмақ.

Үкіметте Президенттің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы қаралды. Бұл ретте 2021 жылдан бері шамамен 970 млн түп ағаш егілді. Осы бағытта соңғы бес жыл ішінде республиканың көгалданған аумағы 267 мың гектарға ұлғайған. Елде жасыл желектерді қорғау үшін орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды өртке қарсы жүйелермен қамту бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Осының арқасында Бурабай ұлттық паркінде қызыл жалынның үстемдік құру ауданы орташа 50 есеге қысқарды. Келесі жылы мұндай жүйе «Семей орманы» резерватында 3 млрд астам теңгеге енгізіледі.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: 

– Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін  биологиялық әркелкілікті сақтау экологиялық ахуалды жақсартуда  маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс. Сондықтан оны ұдайы назарда ұстау қажет. Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз онсыз да орман-тоғайы аз елдердің қатарындамыз. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.