Астанада Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті талқыланды

Астанада Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті талқыланды

Қазақстанда 2025-ші жылдан бастап жүрек ауруларына қарсы дәрі-дәрмектер өндірісі іске қосылады. Бұл – отандық және финляндиялық компаниялардың бірлескен жобасы. Бұл жөнінде елордада Қазақстан-фин сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының отырысында белгілі болды. Бұған қоса тараптар елімізде кәріздік-тазарту жүйелерінің құрылғыларын шығаруға бағытталған озық технологияларды ендіруге қатысты әріптестік келісімге қол қойды. Бас қосуда Финляндияның сыртқы сауда және даму министрі Вилле Тавио бастаған топ өзге де салаларда әріптестік аясын арттыруға ниетті екендерін білдірді. Айтуларынша, еліміздің әлеует мол. Жалпы екі  ел арасындағы алыс-беріс былтыр 208 млн долларды құраған. Солтүстік Еуропа мемлекетінен Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың көлемі АҚШ валютасында 409 млн-ға жетті. 

Вилле Тавио, Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі:

-Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Жергілікті тау-кен өнеркәсібі, орман шаруашылығы, энергетика және таза экологиялық технологиялар салаларында жұмыс істеуге қабілетті финляндиялық компанияларды қамтитын іскер делегацияны басқарып отырғаныма қуаныштымын. Менің ойымша, Финляндия мен Қазақстан арасындағы бизнестің көптеген салалары бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға болады. Қазір Финляндия үкіметі Орталық Азия нарығына үлкен көңіл бөліп отыр.