Астанадағы Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалында оқу басталды

Қазақстан мен Қытай өзара гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ел астанасында Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының алғашқы студенттерінің оқуы басталды. 100 жас қазақстандық қос дипломды бағдарламаның негізінде қытай тілі аудармашысы мамандығын меңгеру үшін аспанасты елінің үздік оқытушыларынан тәлім алады. Жергілікті студенттердің академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету қамында қытайлық жоғарғы оқу орнының қорында жиналған барлық білім рессурстары мен тың әдістемелік құралдары қолжетімді болады. Еске сала кетейік, көрші елдің жетекші университетінің бөлімшесі Астанада екі мемлекет басшыларының қатысуымен ашылды. Айта кетерлік жайт, бұл Бейжің университетінің әлемде орын тепкен үшінші филиалы. Университет өкілдері оның Қазақстанда ашылуы қос тараптың тығыз байланысын айшықтайтынын атап өтті. 

Чжан Баоцзюнь, Бейжің тіл және мәдениет университетінің  вице-президенті:

– Бейжің тіл және мәдениет университетінің үш бірдей брэнч-кампусы бар. Атап айтсам, Бангкок пен Токио, енді Астанада да ашылды. Қазақстандағы филиал екі ел қарым-қатынасын нығайтуға, ғылыми-білім беру, экономика мен мәдениет және басқа да салалардың  дамуына ықпал ететініне сенімдіміз.  Қазақстан Президенті осы жоғары оқу орнында оқып, қытай тілін жақсы меңгергенін бірнеше рет паш етті. Миллиондаған қытайлықтар оның білім деңгейіне таң қалуда. Менің ойымша, бұл қазіргі студенттерге шабыт береді. Біздің университетке оқуға түскендер өздері үшін жаңа мүмкініктер ашатынына кәміл сенемін. Студенттер Қазақстанның және Қытайдың мәдениетімен етене танысады деп үміттенеміз.

Жеңіс Ермұқанов.