Қазақстан Президенті Оқу-ағарту министрі Жұлдыз
Сүлейменованы қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысы мен
2026 жылға арналған міндеттер таныстырылды. Елде жаңа Конституция құндылықтарын
ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту
жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық
білім беру стандарттары әзірленді. Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу
дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралуда. Саланы цифрландыру бойынша кешенді
шаралар қолға алынған. Бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылды.
Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. 240 мыңнан
астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өтті, тағы
200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына сай АІ-ассистентті пайдалану машығын
меңгеруде. Мемлекет басшысына «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217
білім ошағының құрылысы аяқталғаны жөнінде мәлімет берілді. Президент білім
сапасын арттыру және саланы цифрлық тұрғыдан трансформациялау, соның ішінде
Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
– Жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету және
нормаларын жүзеге асыру мақсатында оқу бағдарламаларының мазмұны күшейтіліп,
оқулықтарымыз жаңартылуда. 2026-2027 оқу жылында 5-7 сыныптарға арналған
Коснтитуция негіздері, 8-9 сыныптарға арналған Заң және тәртіп курстары,
сонымен бірге 7-8-9 сыныптарға жасанды интеллект элективті курсы енгізілетін
болады. Сонымен бірге, білім беру стандарттарына іргелі пәндерге басымдық
беріле отырып, мазмұны қайта қарастырылуда. Жалпы білім мазмұны жетілдіріліп,
оқулықтарымызға кешенді сараптама жүргізілуде. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие
бағдарламасы енгізілуде.

