Қазақстан әлемде ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тартып, Семей полигонын жапты. Бұл қадам халықаралық қауіпсіздікке қосылған зор үлес ретінде бағаланды. Осы және басқа да бастамалар биыл өзінің 80 жылдығын атап өтетін БҰҰ жұмысында маңызды орын алады. Еліміз Ұйымның құрамына 33 жыл бұрын қосылған. Бұл жаһандық маңыздағы ең өзекті мәселелерге Қазақстанның белсенді позициясын білдіруге жол ашты. Алматыда өткен ғылыми-практикалық конференцияда тараптардың арасындағы байланыс пен еліміздің бастамалары талқыланды. 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Жиынға қатысушылар еліміз бүгінде бітімгершілік миссияларға қатысуды, тұрақты даму мақсаттарын белсенді ілгерілетуді және жаңа жобаларға бастамашы болуын жалғастырып, ұйымның негізгі қағидаттарын берік ұстанып келетінін алға тартады.
Жәнібек Әбдірашов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы өкілдік басшысы:
- Бізде 18-ге жуық өкілдік бар. Бұл жерде ЮНЕСКО-дан бастап
босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасына дейін орналасқан. Олар
әр түрлі мандаттар, тұрақты дамуға қатысты барлық мәселелерді қозғайды. Олардың
қатарында экономика да, әлеуметтік сала да, босқындар мәселесі де бар. Дәл осы
Алматы өңірлік хабын Орталық Азия аймағына жол ашатын қақпа деуге болады.

