Қазақстан Ауғанстанмен сауда көлемін арттыруға ниетті

Қазақстан Ауғанстанмен сауда көлемін арттыруға ниетті

Қазақстан трансауған теміржолының құрылысына қатысуға мүдделі. Жергілікті көлік дәліздерінің мүмкіндігін арттыру – отандық делегацияның Ауғанстанға сапарында қаралған басты мәселенің бірі болды. Атап айтқанда, Қазақстан «Термез-Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» және «Герат-Кандагар-Спин-Булдак» дәліздерінің құрылысына қатысуға ниет білдіріп отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның айтуынша, жоба жүзеге асырылған жағдайда, жүк тасымалдау уақыты да, құны да біршама азаяды. Сонымен қатар, вице-премьер Қазақстан Ауғанстанмен сауда жүргізіп отырған негізгі 10 елдің қатарында екенін тілге тиек етті.

 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Ауғанстанның ресми делегациясының Қазақстанға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біз тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу міндетін қойдық. Кеше біз перспективалы жобаларды жоғары деңгейде қарап, Қазақстандық компаниялардың Ауғанстанда көлік, тау-кен, телекоммуникация және ауыл-шаруашылығы салаларында іске асырылатын экономикалық жобаларға қатысу уағдаластығына қол жеткіздік.

 

Ауғанстанда қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Қазақ-ауған бизнес-форумында өткен тақырыптық көрмеде 35 отандық компания өз өнімдерін ұсынды. Шара барысында 12 млн доллардан астам сомаға күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберу туралы келісімдерге қол қойылды.

 

Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы:

Қазірдің өзінде 12 май шығаратын зауыт Ауғанстанмен сауда жүргізуге мүдделі. Оның ішінде жетеуі бұрыннан бері Ауғанстанға тауар экспорттап келеді. Биылғы маусымның 6 айында май өнімдерінің экспортын 3 есе өсірдік. Оның ішінде күнбағыс майын ерекше атап өтуге болады. Алдыңғы маусымның 6 айында біз 4,2 мың тоннаға жеткізсек, осы маусымда 12,5 мың тонна тасымалдадық.