Қазақстан биыл Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша екі ірі жобаны бастауды жоспарлап отыр. Олардың бірі Ақтау мен Әзербайжанның Сумгаит қаласын байланыстырады. Бұл мақсатта ұзындығы 300 шақырымнан асатын суасты кабелі төселеді. Оны мемлекеттеріміздің жетекші телекоммуникациялық компаниялары жүзеге асырады. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 23 млрд теңгені құрайды. Интернет желісін жүргізу жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысында аяқталады деп күтілуде. Келесі жоба «Батыс-Шығыс гипермагистралі». Ол Қытайдан Ақтауға дейін созылып, деректерді тасымалдауға мүмкіндік беретін балама бағыт ретінде жаһандық «Батыс Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия» көлік дәлізінің бір бөлігіне айналады.
Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің басқарма жетекшісі:
- Басты мақсат Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Қазіргі таңда Еуропадан келетін негізгі интернет-трафик елімізді айналып өтеді. Біз бұл оның өзіміздің аумақ арқылы өтуін қамтамасыз етуді қалаймыз. Бұл өз кезегінде трафик көлемін ұлғайтып, Еуропа мен Қытай арасында тікелей транзит жүргізу арқылы ірі технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, интернет байланысын жүргізу идеясы осыдан 6
жыл бұрын ұсынылған болатын. Алайда «Транскаспий» жобасы енді ғана белсенді
түрде іске аса бастады. Жоспарға сай, мердігер алдымен желі төселетін бағытты
анықтау үшін камералдық және теңіздегі далалық зерттеулер жүргізеді. Осыдан
кейін ғана жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді.

