Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны 2027 жылға қарай халықаралық мәртебе алып, аңызға айналған даңқын қайта жаңғыртуы мүмкін. Әлемдегі ең биік орналасқан ашық стадионның бірі заман талабына сай жаңартылады. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Нәтижесінде мұнда қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Айта кетейік, жарты ғасыр бұрын бұл қала құрылысы мен сәулет ескерткішін тұрғызуға Борис Яглинский жетекшілік еткен. Оның айтуынша, кезінде спорттық жетістіктердің нышанына айналған «Медеу» айдынында 200-ден астам әлемдік рекорд орнатылған.
Борис Яглинский, «Медеу» жобасының бұрынғы бас инженері:
- 1973 жылы жасанды мұз айдынымен жабдықталған «Медеудің» алғашқы маусымы өтті. Сол жылы әлемдегі үздік 375 нәтиженің 249-сы дәл осы жерде орн алды. Қалған 126 рекорд әлемдегі басқа мұз айдындарында тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстан «Медеуге» Халықаралық конькишілер одағынан ерекше мәртебесін алуды да көздеп отыр. Бұл мұз айдынын әлемдік аренада бәсекеге қабілетті ете түспек. Жаңартылған кешен халықаралық деңгейдегі допты хоккей, мұзды спидвей турнирлерін және мәнерлеп сырғанаудан әлемдік жұлдыздардың шоуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

