Қазақстанда цифрлық технологиялар мен деректер қорына негізделген салық
және кедендік әкімшілендіру реформасы жалғасуда. Премьер-министр Олжас Бектенов
фискалдық саясатты дамыту және ақпараттық жүйелерді цифрландыру мәселелері
жөнінде кеңес өткізді. Мемлекеттік органдардың басым міндеті - салық
төлеушілерге ашықтық пен әділ көзқарас қалыптастыру. Осылайша, бұған дейінгі 12
ескірген ақпараттық жүйенің орнына 5 заманауи цифрлық платформа қолданысқа
енгізілді. Бұл салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, адал бизнес үшін қолайлы
жағдай жасауға мүмкіндік берді. Цифрлық сервистер шамамен 1,7 млн бизнес
субъектісіне қызмет көрсетеді. Салық құжаттарын өңдеу жылдамдығы 1 сағаттан 1
минутқа дейін қысқарды. Жиында қосылған құн салығы бойынша декларацияларды
автоматты түрде алдын ала толтыру, цифрлық теңгені пайдаланып салықты цифрлық
тәсілмен қайтару, 74 дереккөзден алынған мәліметтерді біріктірген Big Data
бірыңғай аналитикалық платформасы талқыланды. Аналитикалық құралдар 2025 жылы
700 млрд теңгеден астам салық пен төлемдердің қосымша түсімдерін қамтамасыз
етті және бақылаудың нақтылығын арттырды. Сонымен қатар кедендік
әкімшілендіруді цифрландыру жүргізілуде. Бұл мақсатта KEDEN ақпараттық жүйесін
енгізуге назар аударылды.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы
вице-министрі:
- Бұл транзитті
рәсімдеу уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқартып, бақылау қызметтеріне 1
терезе қағидатын қамтамасыз етті, шекарада адам факторын төмендету мақсатында
жасанды интеллект қолданылатын шешімдер енгізілуде, қазір АІ рентген-тексеруді
талдау үшін қолданылады, әрі қарай да жасанды интеллект қолданылатын шешімдер аясы
кеңейеді. Деректердің және талдаудың цифрландырылған базасы есебінен - өткен
жылы 115 млрд теңге қосымша кедендік төлемдер түсті.

