Қазақстанның Қарулы Күштері - егемен еліміздің мықты қалқаны, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымас тірегі. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ұлттық ұланның авиация базасының ашылу рәсімінде ерекше атап өтті. Президент жиынға қатысушыларды алдағы Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Сондай-ақ бұл отаншылдық сезімді оятып, жауынгерлік рухты арттыратын мәртебелі мереке екенін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскерлер сапында өз ісінің нағыз кәсіби
мамандары қызмет ететінін жеткізді. Олар БҰҰ аясындағы түрлі халықаралық
миссияларға қатысып, бітімгерлік борыштарын табысты атқарып келеді. Биыл олар
өз міндеттерін Голан жоталарында алғаш рет дербес орындауға кірісті. Отандық
әскери қызметшілердің антына адал, сертіне берік екендеріне елдегі тасқын
кезінде табиғи апатпен мінсіз күресі және халыққа жасаған көмектері тағы бір
жарқын үлгі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер
әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық
жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды.
Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды
білдіремін.
Мемлекет басшысына әуе, жауынгерлік және арнаулы техникаларының жаңа
үлгілері таныстырылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев авиабазадағы бірқатар
инфрақұрылымдық нысанды аралады. Мұнда түрлі жауынгерлік тапсырмаларды орындау
үшін барлық жағдай жасалған. Оның Астана әуе айлағында орналасуы жеке құрам мен
техниканы қажет жеріне уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әуеден
барлау жүргізу, зардап шеккендерді эвакуациялау кезінде Ұлттық ұлан
бөлімшелеріне авиациялық қолдау көрсетеді.