Қазақстанда 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және 3
ұлттық орталық салынады. Бұл еліміздің денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту
тұжырымдамасын іске асырудың алғашқы кезеңін қамтитын жобалар.
Яғни, таяу жылдары өңірлерде 11 жарым мыңға жуық төсек орынға шақталған заманауи көп бейінді ауруханалар бой түзейді. Ал екінші кезеңде 2 жарым мың медициналық нысанын қайта жаңғырту, жөндеу және жаңадан құрылыс салу межеленген. Оның 79% бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар. Сондай-ақ, құжаттта саланың нысандарын 5 жылдық кезеңге құрал-жабдықтармен барынша қамту және маман тапшылығын болжаудың моделін ендіру көзделген. Нәтижесінде 2030-шы жылға дейін ғимараттардың тозуын 30% төмендету, жарақтандыруды 88% дейін ұлғайту және сұранысқа сәйкес кадрлармен қамтамасыз ету жоспарланған. Ел Үкіметі тиісті тұжырымдаманы қабылдады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- JCI халықаралық
стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді. Олардың қатарында
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық орталығы және
басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының
«жоғары деңгейін» көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемелері осындай
деңгейге ұмтылуы керек. Сондықтан негізгі нысандарды жобалау кезеңінен бастап
JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп, көзделуі тиіс.