Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың саны артуда. Биыл олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 60 мыңнан астам адамға артты. Оған пандемияға дейінгі өмір салтының қайта оралғаны да себеп болды. «Сондай-ақ оқшаулау кезінде онлайн режимінде жұмыс істеген көптеген азамат сол форматта қала беруді жөн санады», – дейді мамандар. Бірі жаңа кәсіп ашса, енді бірі бұрынғы ісіне жаңа дем берді.
Руслан Тілеубаев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары:
- 2020 жылдың соңынан бастап еңбек нарығының біртіндеп тұрақталуын, экономиканың қалпына келуін байқап отырмыз. Қазірдің өзінде еңбек нарығының негізгі индикаторларын көріп отырмыз, олар 2019 жылдың деңгейіне жетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны қалпына келіп, 2019 жылдың IV тоқсанындағы деңгейге жетті. Бұл ең алдымен шектеу шаралары мен іс-шаралардың біртіндеп қалыпқа келуімен байланысты деп санаймын.
Өз ісін бастағандардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Динара Бесбаева. Жетекші авиакомпаниялардың бірінде стюардесса қызметін атқарған ол декреттік демалыста болған. Көктемде жұмысқа қайта оралуды жоспарлаған, алайда пандемияға байланысты көптеген рейс жабылып, қызметкерлер саны уақытша қысқартылып жатты. Уақытша жұмыссыз қалған Динара мұңаюға уақыт жұмсамай, керісінше өзінің үлкен армандарының бірі шағын әрі жайлы кофехана ашты. Жаңа ісінің жүріп кетуіне отбасы көмектескен.
Динара Бесбаева, кәсіпкер:
- Алғашында маған кофехананы ашу өте үлкен іс болып көрінді. Мамыр айында пандемияға байланысты бұрынғы жұмысыма оралу мүмкін емес екенін түсіндім. Сондықтан табыс көзін іздеу керек болды. Солай идея іске асырылып, бір ай ішінде кофехананы аштық. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Алғашқы аймен салыстырғанда сатылым 2 есе өсті.
Айта кетейік, тамақтану орындары – пандемия кезінде ең көп зардап шеккен салалардың бірі. Бұл тізімде қонақүй бизнесі және қызмет көрсету саласы да бар. Ал қазір шағын кәсіпорындар бұрынғы жұмыс режиміне қайта оралуда. Бұл жағдай 2020 жылмен салыстырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың өсуіне әсер етті. Бүгінде елде 2 млн 100 мыңнан астам адам жеке ісін жүргізіп отыр. Сарапшылар кәсіпкерлердің саны арта түсетінін айтады.
Авторы: Ақзер Сегізбай