Сырдарияда су көбейді

Биыл Сырдария өзенінде су көбейіп, дихандар қауымы күзгі жиын-терінде мол өнім жинаймыз деп отыр. Сыр диқандары 191 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Соның 83 мың гектары күріш. Былтыр Сыр салысының әр гектарынан орташа 49 центнерден өнім жиналған. Биыл осы көрсеткіштен артық болмаса, кем соқпайды, дейді мамандар. Қазір Сырдария өзенінен Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келіп тұр. Дихандар осы айдың соңына қарай күріштің суын сорғыта бастайды. Демек, көл-көсір су кіші Арал мен маңайындағы көл-тоғандарға жіберіліп, аңқасы кепкен атырапқа да жан бітпек.

Қайратбек Сәрсенбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- Арал теңізін сақтау деген дүниежүзілік проблема бар. Арал теңізіне берілген су өткен жылы жаз айларында 6-7 текше метрден артпаған болатын. Бүгінгі күні қазір бір айдың көлемі болып қалды 65 куб су беріліп жатыр. Мұны әрі қарай 100-200 кубқа дейін жеткізіп, белгіленген болжамды орындаймыз деген ойымыз бар.

Соңғы жылдары су тапшылығы туындаған соң Сыр дихандары тіршілік нәрін үнемдеуді де үйренді. Мәселен, бұрын қашыртқыдағы су қайта пайдаланылмайтын. Қазір шаруалар арнайы құрал арқылы ол суды бірнеше рет кәдеге жаратады. Өңірдегі егінші қауым жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісін де меңгерген. Мұндай қондырғылар қазір іргелі шаруашылықтардың бәрінде бар.

Ерсұлтан Әпетов, Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары:

- Суды үнемдеу технологияларын қолға алып, қазіргі таңда жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісімен дән жүгерісі мен жоңышқа, сонымен қатар, бақша өнімдерін тамшылатып суару арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл қазір 4 мың 200 гектардың үстіне шықты, ал, келер жылы мұнан да әрі қарай көлемін ұлғайтамыз деген жоспарда бар.