Қазақстанда «Орталық – Батыс» күре жолы салынады. Ол Астананы Арқалық,
Торғай және Ырғыз арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен
байланыстырады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында
ауқымды инфрақұрылымдық бастаманың жобалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Жаңа бағыт қолданыстағы қашықтықты шамамен
екі есе қысқартады. Жаңадан төселетін жолмен бұл аралықты бұрынғыдай мың жарым емес
865 шақырым жүріп қана бағындыруға болады. Яғни, қатынау уақыты біршама азаяды.
Көлік желісі 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. 2 жолақты жолдың ені -
8 метр. Тәулігіне 3 мың автокөлік жүреді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Бұл «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» дәлізіне үшінші паралель жол болады. Екінші
жағынан жалпы Қазақстанның қазір алдына қойып отырған Транскаспий көлік
бағытына қосылатын төте жол болады. Әрі қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сай,
Бейнеу мен Шалқар арасында, оның ішінде Сексеуіл мен Шалқар арасында тік жол
салынып жатыр. Осы жерден қазір Ақтауға дейін жүру шамамен 3 400 шақырым болса,
мына төте жол Ақтау, яғни Каспийге дейін 2300 шақырым болады.
Ғабит Сүндетбаев, Amanat партиясы Жангелдин аудандық
филиалының төрағасы:
- Елмен елдерді байланыстыру өзіміздің экспортқа шығатын әлеуетімізді жоғары
деңгейде пайдалануға бұл жолдың септігі зор. Екінші жағынан жол бойындағы
өндірістер мен елді-мекендерді дамыту. Осы жерлерді қоныстандыруға үлкен
мүмкіндіктер бар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

