Телеұжымның жаңа серіктесі CGTN -
Қытайдың жаһандық теледидар желісі. Оның
телеарналары әлемнің 160-тан астам еліне тарайды. Silk Way ұлттық спутниктік
арнасы бұл халықаралық медиа ұйымымен бірлесіп, алғаш рет отандық алаңда бағдарламалар
сериясын іске қосты. Олардың бірі телекөпір форматында өтті. Онда жүргізушілер жетекші
сарапшылармен бірге Қазақстан мен аспан асты елі арасындағы екіжақты
ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен алдағы ШЫҰ саммитінің күн
тәртібін талқылады.
Айнұр Иманғали, Silk Way Телеарнасының бас редакторы:
- Бүгінде Қазақстан мен Қытай маңызды серіктестер. Әсіресе аспан асты елі -
біздің аса ірі сауда серіктесі екені мәлім. Бұның маңызын ескеріп, біз осындай
байланыс орнатуды ұйғардық. Яғни, біз Астана мен Бейжіңді, Қазақстан мен
Қытайды телекөпір арқылы сабақтастырдық. Яғни, біздің студияда өзіміздің сарапшылар,
Бейжіңдегі студияда қытайлық мамандар болды. Осылай, түрлі пікірлерді бір жерде
тоғыстырдық.
Сонымен қатар, көрермендер Шанхай
Ынтымақтастығы ұйымы ықпалдастығына арналған ток-шоуды тамашалады. Пікірталасқа қазақстандық
және шетелдік сарапшылар қатысты. Олар ұйым елдерінің арасындағы жаһандық көпқырлы
диалогты, экономикалық және туристік бағыттағы әлеуетті арттыру тұрғысында ой
бөлісіп, тәжірибе алмасты. Жоба жүргізушілері Айнұр Иманғали мен Қытайдың танымал
журналисі - Тиан Вэй.
Тиан Вэй, CGTN жүргізушісі:
- Бұндай сәттер алдымен өзге
әріптестерімізбен бірлесудің қандай нәтиже беретінін білу үшін қажет деп
ойлаймын. Мен арнаның тарихымен таныстым. Бұл жерге алғаш келуім. Кірген сәттен
оның қаншалықты дамыған, заманауи кешен
екенін бірден аңғаруға болады. Жабдықталуы мен білікті мамандардың еңбегі маған
Бейжіңде жүргендей әсер қалдырды. Атқаратын ісіміз бен мақсатымыз бір.
Қос арнаның эфирінде Silk Way және CGTN
тілшілерінің арнайы жаңалықтар бөлімі көрсетіледі. Онда қос тараптың
сауда-экономикалық, дипломатиялық және гумманитарлық салаларындағы
ынтымақтастығының жемісі паш етіліп, тың деректер келтіріледі. Алдағы ШЫҰ
саммитінің күн тәртібі де егжей-тегжейлі талқыланады. Сондай-ақ, Silk Way
телеарнасында «Жібек жолы симфониясы: Бірінші онжылдық» деректі фильмінің және
«Шанхай рухы» студиялық ток-шоуының көрсетілімдері жоспарланған. Президент
телерадиокешенінің деректі кино орталығы CGTN көрермендері үшін арнайы фильм
дайындайды. Ол 5-6 шілдеде көрсетіледі. Бұл үлкен медиа-серіктестіктің басы
ғана. Алда бірлескен жобалар мен жоспарлар аз емес.