Қазақстанда суперкомпьютерді іске
қосу — елдің сандық инфроқұрылымын құру және технологиялық
егемендігін дамытудағы маңызды стратегиялық қадам. Ол жаһандық деңгейде
бәсекеге қабілетті жасанды интеллект экожүйесін қалыптастырады. Бұл туралы
елдің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан
Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, суперкомпьютер климаттық өзгерістерді
модельдеу, жаңа дәрі-дәрмектер мен материалдарды әзірлеу, сондай-ақ, үлкен
деректерді талдау, сонымен қатар, нейрожелілерді дамыту сияқты көптеген
міндеттерді шешу үшін кәдеге жаратылмақ. Еліміз қазірдің өзінде
суперкомпьютермен жұмыс істейтін мамандар даярлауды қолға алды. Ол үшін тиісті
база құрылды.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл технология бір секундта өте үлкен және көптеген есептеулер жасауға
мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде әлемде жасанды интеллект
технологиясы қарқынды дамып келеді. Бұл цифрландырудың келесі деңгейі. Осы есептеу
қуатының деректерін ұсынуда қазақстандық стартаптарға, әсіресе, Астана хаб
қатысушыларына басымдық беріледі. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру
қамындағы мемлекеттік қолдау шарасының бірі болмақ. Елдің ғылыми қауымдастығы
ауқымды зерттеу жұмыстар жүргізіп, тың жаңалықтар жасап, төл әзірлемелеріне
патент алу үшін жоғары өнімді есептеу ресурстарына кең қолжетімділік пайда
болды.

