Биыл Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні жаппай енгізу
басталады. Осы мақсатта Qazaq Digital Mektebi жобасы және жасанды интеллектпен қамтылған
Ұлттық білім беру платформасы іске қосылады. Олар мектеп оқушылары мен педагогтарға
арналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту
министрлігі жасанды интеллект енгізу жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда. Министрлік
хабарлағандай, мұғалімдер мен оқушылардың сандық парақшалары әзірленіп, ұлттық
жүйе жасалады. Бұған қол жеткізу үшін ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылып,
ол барлық LMS, яғни электрондық күнделіктер мен журналдардың бірыңғай деректер
қоймасына айналады. Бұл барлық деректі QazTech мемлекеттік бұлтты платформада
шоғырландыруға мүмкіндік береді. АІ-агенттерді қолданысқа енгізу педагогтарға
күнделікті жүктемені азайтып, сандық көмекшілер педагогикалық кеңестерге
дайындық пен құжаттаманы тексеруге қолғабыс ете алады. Бұдан бөлек, келесі оқу
жылынан бастап пилоттық режимде өңірлерде «Qazaq Digital Mektebi» жобасы
басталады. Ол оқушыларға білімді интерактивті тәсілмен игеруге көмектесетін
AI-репетиторлар қолданатын шағын жинақты мектептерге арналған. Бірінші
жартыжылдықта министрліктің жұмыс тобы білім беруде нейрожелілерді пайдалануды
заңдастыру үшін тиісті ұсыныс әзірлейді.
Асылбек Ахметжанов,
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- 2026 жылға қарай 200 мыңнан астам педагог
тәжірибелік ЖИ дағдыларын меңгереді. Сондай-ақ, оқушылар арасында ЖИ
сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінбек. Осылайша, Үкімет ЖИ агенттері
көмегімен педагогтер жүктемесін азайтуға, сондай-ақ азаматтарымыз үшін
мемлекеттік қызметтер алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін цифрлық негіз қалыптастырады.

