Бұл жөнінде Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бүгінде қатерлі ісік жыл сайын 13 мың адамның өмірін қияды. Айтуынша, соңғы 20 жылда аса қауіпті кеселден көз жұму деңгейі 33%-ке азайған. Бұл көрсеткішті еселеу үшін 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Мақсат дертті ерте анықтауға ден қою. Нәтижесінде, обырдың асқынған жағдайлары 10% төмендемек. Скрининг кеңейтіледі. Ел бойы дәрі-дәрмек базасы жаңартылып, заманауи жабдықтар мен тиімді тәсілдер ендіріледі. Алматы, Атырау, Ұлытау, Жетісу және Ақтөбе өңірлерінде жаңа онкологиялық орталықтар салу жоспарланған. Ал келер жылы елордада Орталық Азия аймағындағы тұңғыш Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми орталықтың ашылуы жоспарланып отыр.
Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:
- Қазір осы протондық аппаратты орнататын бункердің құрылысы жүріп жатыр. Содан кейін аппаратты орнату, оның қабілеті мен қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүреді. Осы аппарат елімізде бірінші рет жұмыс істейтін болғандықтан, мамандарды оқыту жұмыстары жүргізіледі. Былтырдан бері Германияда, Нидерланд елінде, Израильде осы аппаратпен жұмыс істейтін мамандарды оқытып жатырмыз. Олар бұрын біздің елімізде болмаған сәулелік терапевтер, медицина химиктері мен физиктері.