«Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс». Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмі екі аталым бойынша Asian Pacific Screen Awards сыйлығының номинанты атанды. Марапаттау рәсімі 3 қараша күні Австралияның Голд-Кост қаласында өтеді. 2007-ші жылы құрылған кинобайқау Азия-Тынық мұхиты өңірлерінің 70 астам елдерінің кинөндіріс майталмандарының басын қосады. Жас болғанымен әлемге танылып үлгерген қазақстандық режиссердің жаңа туындысы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық туралы баяндайды. Фильм желісінде ұлт жадына сызат түсірген нәубет кезінде Исатай есімді қабір қазушы өз ауылын құтқаруға аттанады. Алайда, кезіккен бейтаныс адам оған ешқайда жеткізбейтін жолды сілтейді. Осылайша оның бұл сапары тылсым оқиғалармен өрбиді. Айта кетейік бұған дейін отандық картина 25-ші Шанхай кинофестивалінде «Үздік режиссер» аталымына лайық деп танылды. Сонымен қатар, қазақстандық киносыншылар қауымдастығының «Үздік дебют», «екінші пландағы үздік актриса», «Үздік музыка» және «Үздік қоюшы-оператор» номинацияларын ұтқан болатын.