Қазақстандықтар үшін жиналған астық қоры жеткілікті

Қазақстандықтар үшін жиналған астық қоры жеткілікті

Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін жиналған астық қоры жеткілікті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. Осы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау науқаны аяқталды. Жергілікті әкімдіктердің мәліметі бойынша, 17 млн гектар аймақтан толық өнім жиналды. 16 млн тонна дәнді дақылдар тазаланып, ұнтақталу нәтижесінде 11 млн тонна астық алынды. Десе де, үкімет басшысының айтуынша 2023 жыл қазақстандық шаруалар үшін оңайға соқпады. Жазғы қуаңшылық пен жауын-шашынның мезгілсіз және көп жауғаны дәнді дақылдардың өсімі мен сапасына әсерін тигізген. Алайда, халықты ұн және нанмен толық қамтамасыз ету үшін былтырғы жиналған астық қоры да пайдаланылады. Сонымен қатар Азық-Түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының қосалқы өнімдері ұсынылады. Отандық шаруаларға ерекше қолдау көрсетіледі. Әлихан Смайыловтың айтуынша, оларға мемлекет жан-жақты көмектеспек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
Атап айтқанда, әділ сатып алу бағасы белгіленді. Айыппұл санкцияларын қолданбай,  несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылды. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінді. Субсидияларды төлеу бойынша   міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр. Осылайша, өсімдік шаруашылығы бойынша алғашқы 30 млрд. теңге субсидиялары бөлінді.  Сонымен қатар, бидайды тікелей сатып алу үшін   тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.