Бішкекте ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ұйымның биылғы жұмысының негізгі бағыттары сараланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтары анықталды. Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Тәжікстан басшылары қатысты. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Жиын барысында келесі жылдан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілді. Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.

