Қазақстан мен Иордания екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Иордания екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан Президенті Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты. Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар, біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз.

Өз кезегінде Иордания Королі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика салаларының әлеуетін талқылады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар, бес меморандум мен келісімге, сондай-ақ, он ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылды. Осылайша, «Қазатомөнеркәсіп» пен JUMCO компаниясы уран саласындағы әріптестікті бастайды.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Келісім аясында тараптар Иордания аумағындағы әлеуетті кен орындарын барлау мен зерттеуді бастайды. Біз сондай-ақ бүгін Иордания инвестициялар министрімен кездесіп, мәселен әуе тасымалы мен газ саласы сынды ынтымақтастық үшін әлееті жоғары бірқатар сектордың келешегін талқыладық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Короліне Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстады. Президент Король Абдалланың қазақ-иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Кейін Қазақстан Президенті ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көрме залдарын аралап, сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Президент нысанды тамашалап болған соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?