Қазақстан Президенті Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон
басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына орай Бейжіңде өткен әскери
парадты тамашалады. Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге
мінберде Еуропа, Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінің 20 астам мемлекет,
сондай-ақ үкімет басшылары болды. Шеру алаңына 50 мыңнан астам көрермен
жиналды.
Парадқа Қытай халық азаттық армиясының 45 әскери құрылымы қатысты. Салтанатты
шеруде құрлықта, теңізде және әуеде қолданылатын стратегиялық жаңа қару-жарақ
түрлері көрсетілді. Сонымен қатар, 4-ші буын қаруының жаңа түрлері, ұшқышсыз
ұшатын және ұшқышсыз аппараттарға қарсы қолданатын қорғаныс техникалары,
бағытталған энергия қаруы мен басқа да ұрыс құралдары таныстырылды. Қасым-Жомарт
Тоқаев ҚХР Төрағасы атынан жоғары мәртебелі қонақтардың құрметіне арналған
салтанатты қабылдауға қатысты. Осымен Қазақстан Президентінің Қытайға ресми
сапары аяқталды.

