Ақордада Қазақстан Президентіне Норвегия, Аргентина, Гана, Мали, Гамбия, Бангладеш, Шри-Ланка, Босния және Герцеговина 8 мемлекеттің елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарға еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму әлеуеті жөнінде әңгімеледі. Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды ел саналады. Дегенмен, республика қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, экономикалық реформаларды дәйекті түрде жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы 15 наурызда елімізде жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін атап өтті. Жаңа Ата заң Қазақстанда қолға алынған іргелі өзгерістерге берік негіз қалап, демократияландыруды дамытуға жол ашады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін алға тартты. Сондай-ақ Президент Қазақстан Шығанақ елдеріне әрдайым тілектес екенін және шиеленістің тезірек шешілуіне үміт артатынын жеткізді.

