Қазақстанда құрылыс
саласындағы жобалар сандық бақылау мен кешенді сараптамадан өтеді. Бұл талаптар
жаңа Құрылыс кодексінде жазылған, деп хабарлады өнеркәсіп және құрылыс
вице-министрі Қуандық Қажкенов. Естеріңізге сала кетейік, Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамаға 9 қаңтарда қол қойған болатын. Кодекс рұқсатсыз
құрылысты болдырмау үшін қалалар мен ауылдардың бас жоспары мен егжей-тегжейлі
жобаларын өзгертуді шектейді - оларға екі жылда бір рет қана өзгеріс енгізуге
болады. Бұдан былай, жоспарлаудан бастап келісімге келуге дейінгі барлық
кезеңдер цифрлық форматқа көшіріледі және бірыңғай құрылыс порталы арқылы
өтеді. Бұл мектеп, саябақ, тәрізді әлеуметтік нысандарға арналған аумақтарда
өзге құрылыс салуды болдырмайды. Құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын
талаптар күшейтілмек: күрделі және әлеуметтік маңызы бар объектілер үшін
конструкцияларды міндетті түрде сейсмикалық төзімділікке сынау, өрт сараптамасы
және мемлекеттік тексеру енгізіледі. Сәулет-құрылыс бақылауының өкілеттіктері
кеңейтіліп, мердігердің жауапкершілігі артады. Сондай-ақ, тұрғын үйге кепілдік
мерзімі 5 жылға, кейбір элементтерге 10 жылға дейін ұзартылды.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Бұрын кепілдік
мерзімі 2 жыл болатын. Енді біз құрылыс кодексі аясында 5 жылға дейін
ұлғайттық. Бірақ жекелеген конструкциялық элементтерге, 10 жылға дейін
ұлғайттық. Егер құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз жүргізу анықталса, онда
құрылыс компаниясы қайта қалыпқа келтіруге міндеттеледі.

