20 жыл бұрын – 2004 жылы Астанада алғаш рет ашық жүрек отасы жасалды. 6
сағатқа созылған бұл операцияны белгілі кардиохирург Юрий Пя сәтті жүргізді.
Бүгінде алғаш рет осындай ем алған Атырау тумасы толыққанды өмір сүріп келеді.
Оның сөзінше, ауыр диагноз қойылғаннан кейін осы отаның керектігіне бір сәт те
күмән келтірмеген.
Қадырбек Қожахметов, пациент:
-Операциядан кейін 20 жыл болып жатыр. Жасаған
операцияның диагнозы ишемия сердца болды ғой. Сол қазір жаман емес, жақсымын.
Өзімнің бала-шағаммен, немерелеріммен жүріп жатырмын.
Юрий Пя, «University Medical Center» басқарма төрағасы:
-Бұл ота кардиохирургия тұрғысынан, әсіресе коронарлы
хирургия тұрғысынан қарайтын болсақ, өте қиын. Жалпы, саладағы ең қиын ота
десем болады. Алайда, тобымыздың үйлесімді жұмысының арқасында операция сәтті
жасалды. Бұл ота жалпы, Қазақстанда кардиохирургия саласының пайда болуына және
кардиологияның дамуына жол ашты. Сондықтан, оны жүзеге асырғаныма әлі күнге
дейін өте қуаныштымын.
Бүгінде Қазақстанда кардиохирургия саласы қарқынды дамып келеді. Отандық ақ
халатты абзал жандар адамның ең басты дене мүшесін ғана емес оған тікелей
байланысты адам өмірін құтқару үшін он
мыңдаған аса қиын ота жасаған. Соңғы жылдарда қазақстандық хирургтер заманауи
әдістерді меңгеріп қана қоймай, өздерінің тәсілдерін де ойлап тауып жатыр.
Сонымен қатар, материалдық жабдықталуы да ең озық деп ауыз толтырып айтуға
болады.
Абай Байкенжин, Ұлттық Ғылыми медициналық орталық
басқарма төрағасы
-Жылына біз балалар мен ересектерге 3 мыңға жуық жүрек
отасын жасаймыз. Оның ішінде интервенциялық операциялар да бар. Соңғы
статистика коронавирус пандемиясының алдында болған. Жүрек-қан тамырлары
ауруларынан қаза тапқан адамдардың саны 19 мың адамға дейін азайды. Бұл
дегеніміз өлім санын 4 есе қысқарттық. Біз белсенді түрде дәрігерлер мен
хирургтерді дайындадық. Шетелден технологиялар алдырып, оны өңірлерге де
жібердік. Барлық облыс орталықтары қамтылған.
Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі қазақстандық медициналық орталықтар
сапасы мен медициналық қызметтің көрсетілу деңгейі бойынша барлық халықаралық
стандарттарға сай әрі орта азия аумағында жетекші деуге болады. Бұл тек отандық
қана емес шетелдік те емделушілердің қызығушылығын тудыруда.