Қазақстанның бірқатар өндіріс нысаны отандық стартапшылар ұсынған жасанды
интеллект шешімдерін іске қосады. Industrial AI Acceleration 2025
бағдарламасына кен өндірісі, машина жасау, құрылыс, логистика салаларынан 20
астам ірі компания қызығушылық танытқан. Акселерациялық бағдарламаға 100-ден
астам стартап қатысты. Astana Hub сарапшылары экономикалық тиімділігі мен
технологиялық жаңашылдығы басым түскен 33 жобаны іріктеп алған.
Анарбек Өтеғұлов, Astana Hub индустрия кеңсесінің директоры:
- Қазірдің өзінде 7 жобаны пилоттық режимде өндіріске енгізу туралы келісімшарт
жасалды, тағы 15 компания қолайлы шешімдерді талқылау үстінде. Бұл бастама
жасанды интеллекттің озық шешімдерін өндіріске енгізу ісіне тың серпін береді.
Ірі өнеркәсіп нысандары жобаларымызды сынықтан өткізіп, кейін кең қолданысқа көшеді.
Industrial AI Acceleration өндіріс өкілдерінен жасанды интеллект көмегімен
шешім табуы ықтимал 140 техникалық тапсырма жиған. Анықталған мәселелер арнайы дерекқорда
сақталып, индустрялық стартап бағытында
ізденген ІТ-мамандарға ұсынылады. Үздік жобаларға инвестиция тарту және
сараптамалық сүйемелдеу бағыттарында қолдау көрсетілді. Айталық, IDM-ONLINE
стратап командасы 30-ға тарта отандық ірі өнеркәсіп нысандарында сынақ өткізіп,
әріптестік орнату бойынша нақты келіссөзге кіріскен.
Мұса Сманов, Idm-Online стратап өкілі:
- Дәрігердің жүрек кардиограммасын оқығаны тәрізді, құрылғының вибрациясын
өлшеп, математикалық шешім көмегімен әртүрлі бұзылу деректерін анықтай аламыз.
Ал жасанды интеллект құрылының бұзылу деңгейін бағамдап, жөнделуі тиіс бөлшек
жайлы ұсыныс береді. Біздің жүйеміз өндірістің тоқтауын болдырмайды. Шұғыл жөндеу
жасау қажеттілігін жояды. Мұның арқасында
өндіріс көлемі 4 % дейін арттыруға болады.

