Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 5 күндік сараптамалық жиыны өтіп жатыр. Түркия, Пәкістан, Беларусь және МАГАТЭ-нің халықаралық сарапшылары мен реттеуші органдарының өкілдері атом электр станциясын салуға дайындық жұмыстарын талқылайды. Сондай-ақ, жиналғандар атом энергетикасы бағдарламасын іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны, инфрақұрылымды дамыту және тиімді реттеу мәселелерін қарайды. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу республикаға үздік халықаралық тәжірибелерді ескеруге мүмкіндік береді.
Қанат Тұяқбаев, ҚР Энергетика
министрлігі басқармасының басшысы:
- Бұл миссия біздің МАГАТЭ-мен ғана
емес, басқа елдердің реттеуші органдарымен де екіжақты ынтымақтастығымызды
нығайтады. Жиында атом станциясын салу жобасы аясында лицензиялауды,
инспекцияны, рұқсаттарды беруді қалай жүргізу қажеттігін саралаймыз. Яғни,
бұған дейін біз осындай басқосулар ұйымдастырғанбыз. Бірақ олар жалпы Қазақстанның
атом саласына арналған болатын.

