Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады. Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы мұның символдық мәні зор екенін атап өтті. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елорда еліміздің қарқынды өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі. Заманауи Қазақстанның келбетіне айналған бас қаланы Халықаралық қауымдастық бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. Дәл осы жерде халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асырылып, биік мақсаттар орындалады. Мұнда білімпаздық пен еңбекқорлық құндылықтары берік орнығып, жұртымыздың ынтымағы мен келісімі нығая береді. Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады. Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жалпыұлттық жаңғыру жұмыстарына ұйытқы бола береді деп сенемін. Сүйікті қаламыз өркендеп, гүлдене берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Домбыра - ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың ұлттық музыкалық аспапқа деген ықыласы ерекше, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X парақшасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс. Өйткені ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Отанға сүйіспеншілік – мемлекеттілігіміздің темірқазығы. Қазақстан жастарының мұны жақсы түсініп, қолдайтынына ризамын. Мемлекет руханият саласын барынша дамыта береді. Дәстүрлі өнердің дүлдүлдері Қайрат Байбосынов «Қазақстанның Еңбек Ері», Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие болды. Қасиетті қара домбыраның күмбірін бүкіл әлемге паш етіп жүрген азаматтарға алғыс айтамын!

